Мұрат Әбенов үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын реттеу керегін айтты
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстанда кейбір үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) облыстағы барлық тендерді ұтып алатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Жиында депутат Мұрат Әбенов үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын реттеу керегін айтты.
«Аида Ғалымқызы, өзіңіз білесіз, бірнеше жыл бұрын сізбен осы салада тәртіп орнату үшін біраз жұмыс істедік. Бұл заң керек. Құқықты күшейтіп жатырмыз. Жауапкершілікті де қарағанымыз дұрыс. Бірақ сіздің ойыңызды білгім келеді.
Кейбір үкіметтік емес ұйымдар осы саланы бизнес қылып алған сияқты. Бір ұйымдар бар – барлық облыстағы бүкіл тендерді ұтып алады. Онда бес-ақ адам бар. Олар бүкіл Қазақстан бойынша қалай жұмыс істейді? Мен мұны сұрастырдым. Олар басқаларға тендерді береді екен. Өздері ұтып алады, бірақ басқалар қосалқы мердігер болады. Жастар мұның әділетсіз екенін айтады. Әрине, олар ұта береді, тәжібесі бар. Бір өзгеріс жасау керек шығар. Сондай-ақ жариялалық болуға тиіс. Жылдың соңында бір жылда осындай 200 тендер ұтты деп жазса, сонда көріп отыратын едік. Сол арқылы тәртіп орнатамыз», - деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттың пікірімен келісті.
«Шынымен бізде әр байқау екі процедураны қамтиды. Біріншіден, заңға сәйкестігі. Олар жақсы заңгерлерді тартады.
Екіншіден, олардың құжаттарына тиісе алмайсың. Егер болмайды десек, ертең олар бізді сотқа береді. Өйткені, олар бізді заңсыз байқаудан шығарып жіберді деп мәселе көтеруі мүмкін.
Сондықтан біз оларды қабылдап, жұмыс істеуге мәжбүрміз. Бірақ олардың атқарып жатқан жұмысының сапасына да мән беру керек.
Менің ойымша, біз айтқан қоғамдық бақылау осыған да бағытталауы керек. Тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, мемлекеттен берілген қаржының тиімді жұмсалуына бақылау керек сияқты. Жақында азаматтық форумда осы мәселелер жан-жақты қаралды. Осы үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты жаңа заң қабылдайық деген ұсыныстар енгізілді. Сол жұмыс аясында осы мәселені қарауға болады», - деді ведомсво басшысы.