Halyq Uni логотип
×

Мәжіліс бизнес жүргізуді жеңілдететін заң жобасын мақұлдады

Қазір мемлекет 90-нан аса қызметті бақылайды

 Дәурен Ерболат 08.11.2023 | 11:44
Мәжіліс бизнес жүргізуді жеңілдететін заң жобасын мақұлдады
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды.

Жедел ден қою шараларын қабылдау мемлекеттік органдарға құқықбұзушыларға заң жүзінде ден қоюға және бизнес субъектісінің кінәсінен туындаған халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз оқиғалардың басталуын болдырмауға мүмкіндік береді. Қазір мемлекеттік бақылау 90-нан аса кәсіпкерлік қызмет саласында іске асырылады, - деді ол.

Министр бизнесті бақылау тетігі Кәсіпкерлік кодексінде белгіленгенін атап өтті.

«Өз ерекшелігі бойынша бақылау және қадағалау органы тарапынан жедел ден қоюды талап ететін бірқатар сала бар. Бұл салаларда бақылау субъектісін, оларды жүргізу уақытын, субъектінің және объектінің орналасқан жерін алдын ала айқындау мүмкін емес.

Сондай-ақ бақылау субъектілерін алдын ала хабардар ету және тексерулерді прокуратура органдарында тіркеу мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты бұл салаларда бақылау жүргізу тәртібі жалпы тәртіптен шығарылған және салалық заңдар деңгейінде ғана белгіленуге тиіс. Бұл бақылау және қадағалау органдарына қоғам үшін қауіпті зардаптардың туындауын болдырмауға, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, кәсіпкерлік қызмет үшін оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруге мүмкіндік береді», - деді Әлібек Қуантыров.

Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруге, сондай-ақ бизнеске жүктемені азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді көздейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама