«Әкелер форумы» халықаралық деңгейге шыға бастады
Форумда Орталық Азиядадағы ер-азаматтар жайлы еңбектің тұсауы кесіледі
Алдағы сәрсенбі – қарашаның 15-інде елордада «Ұрпақ тәрбиесі – Ұлт болашағы» атты VIII республикалық «Әкелер форумы» өтеді. Мәдениет және ақпарат министрлігігінің қолдауымен өткізгелі жатқан жыл сайынғы дәстүрлі шараның биылғы өз ерекшелігі бар. Осы жолы алыс-жақын шетелден қонақтар шақырып, шараның ауқымын халықаралық деңгейге көтеру көзделіп отыр.
Форум қонақтары еліміздің бүкіл аумағынан, әр өңірден отбасы мәселесімен айналысып жүрген жергілікті атқару органдары мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері келмек. Оның үстіне, Орталық Азия елдерінен, Әзербайжаннан мен Хорватиядан да келетін кісілер бар.
Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, шетелдік спикерлер мен қатысушылардың барлығы осы тақырып төңірегінде қызмет етіп жүрген азаматтар.
Әкелер институтына қатысты мәселелер тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де бар. Сондықтан, қонақтарымызға үйретеріміз де, олардан үйренеріміз де бар. Бастысы, тәжірибе алмасып, қоғамымыздың құндылықтарына сай оң нәтиже берер нәрселереді алып қолдану, дейді ол.
Алдағы форумның тағы бір ерекшелігі, биыл жарық көргелі жатқан «Быть мужчиной в Центральной Азии» кітабының тұрсаукесері болады. Оны қазақстандық және өзге елдегі авторлар бірігіп жазған. Онда Орталық Азиядағы жекелеген ер азаматтардың өмірлері баяндалған. Кітап БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорының көмегімен басылып шыққан.
Одан бөлек, форум қарсаңында Орталық Азия аймағындағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оған қарсы күреске ер адамдарды тарту саласындағы ұлттық әлеуетті нығайту бойынша екікүндік аймақтық семинар-тренинг өтеді. Саналы әке идеясын насихаттап жүрген «Әкелер одағы» осы семинардың серіктесі.
Айта кетейік, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы құрылып, бүгінде еліміздің 12 өңірінде жұмыс істеп келеді. Ұйымның мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуы, жауапты әке бола білуі және де ұл тәрбиелей отырып, болашақта саналы әке, азамат тәрбиелейтінімізді насихаттау. «Әкелер күні» мерекесі де «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің көп жыл бойы жасап келе жатқан қоғамдық жұмысының нәтижесі.