ШҚО-да браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулаған

Динара Амантай

Олар 31 млн теңгеден астам шығын келтірген

Фото: polisia.kz

Биыл ШҚО-да браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, мемлекетке 31 млн теңге шығын келтірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полицейлер облыстың 44 және 41 жастағы тұрғындарын ұстаған. Олардың бірін тәртіп сақшылары Өскемен – Самара тасжолында рейдтік іс-шаралар өткізу барысында анықтаған. Өскемен қаласының 41 жастағы тұрғыны өз ГАЗелімен жалпы салмағы 1 мың 800 келі болатын 100 қорап тірі шаянды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Табиғатқа келтірілген шығын сомасы шамамен 11 млн теңге болды. Күдіктінің оларды Күршім ауданынан белгісіз адамдардан сатып алып, кейін Өскемен қаласында сатуды жоспарлағаны анықталды.

Қазір ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Екінші құқық бұзушыны тәртіп сақшылары Күршім – Үлкен Нарын тасжолында ұстады. Ұлан ауданының 44 жастағы тұрғынының көлігінде 92 қапқа салынған жалпы салмағы 1 тоннадан асатын тірі шаян табылған. Күршім ауданының инспекциясы залал сомасы 7,7 млн теңгеден асатынын айтты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері шаяндарды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 5 фактісі тіркелді. 11 айда браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, 31 млн теңгеден астам шығын келтірген.