Байзақ ауданындағы мектеп асханасында 40-тан астам бала тамақтан уланды
Ауруханаға түскендердің негізгі бөлігі – 7-10 жас аралығындағы балалар
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы мектеп-гимназияда бастауыш сынып оқушылары уланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, олар түскі ас кезінде мектеп асханасында тамақтан уланған.
7 қарашада Байзақ ауданы Киікбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушылары уланды. Олар Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына түсті. Аталған орта мектеп-гимназиясында асханадан түскі асты барлығы 438 адам ішкен. Бірінші пациент Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасының қабылдау бөлмесіне сағат 12:30-та түсті, - делінген ақпаратта.
Қазірге дейін ауруханаға 48 адам жүгінген. Ішінде 35 адам ауруханаға жатқызылды. Арасында екі мұғалім бар.
Ауруханаға түскендердің негізгі бөлігі – 7-10 жас аралығындағы балалар. Оларға жедел тағамдық токсикоинфекция диагнозы қойылды, - делінген ақпаратта.
Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа. Байзақ ауданының орталық аудандық емханасы жағдайында 16 мобильді бригада құрылды, оның құрамына жалпы практика дәрігерлері, медбике мен мұғалімдер енгізілген.
Үйде 350 баланың жағдайы қаралды, оның ішінде тамақтан улану белгілері бар 11 оқушы анықталды, оларға күндізгі стационар жағдайында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Анықталған 11 оқушының ішінен 4 оқушы Байзақ ауданының орталық аудандық емханасының күндізгі стационарының жалпы практика дәрігерінің бақылауына алынды.