Ақмола облысында білім беру мекемесінің директоры мен есепші сотталды

Динара Амантай

Олар мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген

Фото: depositphotos

Сот үкімімен білім беру мекемесінің директоры және есепшісі бюджет қаражатын ысырап еткені үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақмола облыстық сотының мәліметінше, есепші 2022 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың сәуір аралығында заңсыз, бірнеше рет асыра есептелген жалақыны директорға, өзіне және басқа адамдардың банктік шоттарына аударған. Осылайша, кінәлілер бюджет қаражатын жымқыру арқылы жалпы сомасы 28 млн теңге ұрлап, мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.

Жаза тағайындау кезінде сот директорда соттылықтың жоқтығын, келтірілген залалдың толық өтелуін, сондай-ақ есепшінің қаражаттың көп бөлігін ұрлағаны мен барлық қылмыстық эпизодтарға белсенді қатысқанын ескерді.

Сот үкімімен есепшіге 7 жылға бас бостандығынан айыру, ал директорға 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екеуіне де мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы қосылды.