Жетісу облысында әкім әйел көлікпен қағып кеткен оқушы көз жұмды
Оның өзі 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана екен
Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданында 12 жастағы оқушыны көлік қағып кетті. Жергілікті пабликтің мәліметінше, көлік тізгінінде әкім болған.
Облыстық полиция департаменті 12 жастағы мектеп оқушысы 2 қарашада Hyundai Creta көлігі қағып кеткеннен кейін қаза тапқанын растады. Ол көліктің рөлінде 39 жастағы әйел болған.
ЖКО дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабында көзделген қажетті сараптамалар тағайындалып, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шетелдік автокөлік арнайы тұраққа орналастырылды. Жол-көлік оқиғасын тергеуді облыстық анықтау басқармасы жүргізіп жатыр, - деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.
Кербұлақ ауданының әкімдігі Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова ұшыраған жол-көлік оқиғасы Ескелді ауданының Биғаш ауылында болғанын растады. Әкімдік мәліметінше, 39 жастағы әйел 2018 жылдың 3 сәуірінен бері Көксу ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған. Оның қазір жұмыс орнында екені де белгілі болды.
Қазір Көксу ауылдық округінің әкімі А. Бақтиярова жұмыс орнында. Ескелді ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр, жұмыстан босатуға нақты негіздер жоқ. Әлия Маратқызы Бақтиярова бүгінгі күнге дейін ешқандай тәртіптік теріс қылық жасамаған және бұрын сотталмаған, - деп хабарлады Кербұлақ ауданының әкімдігі.
Сондай-ақ әкімнің 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана екені атап өтілді.