Шымкентте түнде даяшы болған 30-ға жуық жасөспірім анықталды
Анықталған жайт бойынша іс-құжаттар еңбек инспекциясына жолданады
Шымкент полицейлері түнде даяшы болып жұмыс істеген 30-ға жуық жасөспірімді анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбекші аудандық ПБ-ның учаскелік инспекторлары түнгі рейд кезінде көңіл көтеру орындары мен тойханаларда даяшы болып жұмыс істейтін 27 жасөспірімді анықтады. Олар аталған мекемелерде демалыс күндері қызмет көрсеткен. Тәртіп сақшылары заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлерге қатысты ӘҚБтК-нің 132-бабымен хаттама толтырды. Ал баласын түнгі уақытта қараусыз жіберген заңды өкілдер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл арқалады.
Сондай-ақ ата-анасының бақылауынсыз жүрген 3 жасөспірім кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды. Анықталған жайт бойынша іс-құжаттар еңбек инспекциясына жолданады.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларын үнемі қадағалап отыруға шақырады. Әсіресе, өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдерді ерекше назарға алып, бос уақытын жалдамалы жұмысқа немесе ойын-сауыққа жұмсаудан сақтауды ескертеді.