Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қарағанды облысында іс-түзсіз жоғалып кеткендердің қатарында болған азаматтың өліміне қатысты күдікті анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Осакаров аудандық ПБ-ға 49 жастағы әйел арызданып, өзімен бірге тұратын 47 жастағы азаматтың іс-түзсіз жоғалып кеткенін айтқан. Азамат 24 қазанда үйінен шығып, осы уақытқа дейін оның қайда екені белгісіз болған.
6 қарашада полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аудан тұрғыны анықталып, оның үйіне жапсарлас құрылысты тексеру барысында жоғалып кеткен азаматтың дене жарақаттары бар мәйіті табылды. Оқиға орнын тексеру кезінде қажетті дәлелдемелер алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына («Адам өлтіру») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.