Түркі ақпараттық агенттіктерінің альянсы құрылды
Альянс құрамына Qazcontent акционерлік қоғамы кірді
6 қарашада Түркі ақпараттық агенттіктерінің альянсы (Alliance of Turkic News Agencies – ATNA) құрылды, оның құрамына «Qazcontent» АҚ (Қазақстан), Anadolu ajance (Түркия), AZERTAC (Әзірбайжан), KABAR (Қырғызстан), UZA (Өзбекстан) халықаралық ақпарат агенттіктері кіреді. Ыстанбұлдағы тиісті декларацияға аталмыш медиа компаниялардың басшылары қол қойды.
Бұған дейін Астанада Түркі мемлекеттерінің 10-шы саммиті барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихы мен мәдениеті ортақ, тілі мен ділі ортақ түркі елдерінің бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор екенін атап өтті.
ATNA құру туралы декларацияға 6 қарашада Anadolu Ajansı ұйымдастырған «БАҚ-тағы бірлік және болашаққа деген көзқарас» атты түркі мемлекеттерінің ақпараттық агенттіктерінің медиа-саммиті аясында қол қойылды.
«Түркі елдері арасында БАҚ саласындағы байланыс жыл сайын нығайып келеді. Телеарналар арасында ынтымақтастық орнап, өзара контент алмасу басталды. Атап айтқанда, бірлескен тележобалар мен сериалдардың жақық көргені қуантады. Ақпараттық агенттіктер арасында байланыс тапшылығы жоқ. Алайда, бәріңіз білетіндей, қазір жаңа медиа дәуірі. Демек, біз интернет-журналистика саласындағы ынтымақтастықты әрқашан жаңа деңгейге көтеруіміз керек», - деді «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп.
Ол сондай-ақ Түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты нығайту және жалған ақпаратқа қарсы күрес жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.
Қазір «Qazcontent» АҚ түркі мемлекеттері арасындағы ақпараттық байланыстарды нығайту және олардың мәдени-тарихи мұраларын насихаттау бойынша жұмыс жүргізуде. Түркі мемлекеттерінің ақпарат агенттіктерінің медиа-саммиті осы байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, түркі елдерінің БАҚ арасында диалог пен тәжірибе алмасу үшін айрықша алаң ұсынды.
Біздің мақсатымыз - түркі ақпараттық агенттіктерінің ортақ тілі, жұмысы мен көзқарасын біріктіретін жетекші қауымдастық құру, - деді «Anadolu Ajansı» басқарма төрағасы Сердар Қарағез.
Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Қуанышбек Өміралиев БАҚ альянсының құрылуы тарихи оқиға екенін атап өтті.
ATNA атынан БАҚ саласындағы ынтымақтастықты әртараптандырудың жаңа іргетасы пайда болды, оның негізін ТМҰ елдері салды, - деді Қуанышбек Өміралиев.
Түркия президенті жанындағы коммуникациялар басқармасының бастығы Фахредтин Алтун Түркі әлемі елдеріне төнген қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін Альянс құрудың маңызды екенін мәлімдеді.
Президент Режеп Тайып Ердоған Түркі елдері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға зор мән береді, - деді ол.
Сондай-ақ, медиа-саммитке Түркияның бұрынғы премьер-министрі, ТМҰ ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым қатысты. Ол цифрлық әлем жағдайында ақпарат лезде таратылатынын, сондықтан түркі елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары заманауи құралдарды пайдалана отырып, айла-шарғы жасауға және фейктердің таралуына бірлесіп қарсы тұруы тиіс екенін мәлімдеді.
АНЫҚТАМА
«Qazcontent» АҚ алты ақпарат агенттігін біріктіреді: baigenews.kz, baq.kz және el.kz, тақырыптық порталдар – adebiportal.kz және e-history.kz. Сондай-ақ ҚР премьер-министрінің ресми сайты. Компанияға қарасты ресурстар үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. Ақпарат порталдарының жалпы аудиториясы бір айда 2 миллионнан астам оқырманды қамтиды.