Астанадағы мектептердің бірінде мұғалімдерге екі ай бойы жалақы төленбеген
Қарыз сомасы – 41 млн теңге
Астанадағы мектептердің бірінде мұғалімдер екі ай бойы жалақы алмаған. Қарыз сомасы – 41 млн теңге. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.
Есіл ауданының прокуратурасы талдау барысында мектептің 133 мұғалімі мен басқа да қызметкерлерінің еңбек құқығы бұзылғанын анықтады.
Оларға 2 ай бойы жалақы төленбеген. Енгізілген қадағалау актісінің нәтижелері бойынша мектеп қызметкерлеріне 41 млн теңгеден астам жалақы төленді, жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген ресми ақпаратта.
Бұған дейін Астана қаласы прокуратурасы Сарыарқа ауданының денсаулық сақтау ұйымдарының қызметіне тексеріс жүргізіп, онда қала аумағында тұрмайтын азаматтарды, сондай-ақ қайтыс болған адамдарды негізсіз тіркегенін анықтады.
Прокурорлар пациенттердің міндетті скринингін (жасы бойынша) және балалардың профилактикалық тексеруден өтпеуі, созылмалы аурулары бар пациенттерге дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізбеу фактілерін анықтаған.