Петропавлда көшенің уақытында жөнделмеуінен жергілікті кәсіпкерлер шығынға батып жатыр
Мердігерлер қаладағы бір көшені екі жылдан бері жөндеп жатыр
Петропавл қаласында көшелердің уақытында жөнделмеуінен кәсіпкерлер банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұр. Себебі жұмысшылар облыс орталығындағы бір көшені екінші жыл қатарынан жауып тастап, құрылыс жұмыстарын аяқтауға асығар емес. Салдарынан кәсіп ашып, одан нәсіп табамын деп жүрген азаматтар шығынға бата бастаған.
Евней Бөкетов – Петропавл қаласының қақ ортасында орналасқан көшелердің бірі. Бұл жерде мектеп, қаржы институттары сынды әлеуметтік нысандарды есепке алмағанда дүкен, сұлулық салоны, дәмхана, ойын клубтары, гүл сату орталығы сынды кәсіпкерлік нысандар жетіп артылады. Былтыр күзде мұнда нөсерге арналған кәріз жүйесі жаңартылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 53 миллион теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді «Арықстройинвест» ЖШС ұтып алған. Бірақ жұмыстың уақытында атқарылмауы көше бойындағы кәсіпті де тұралатып отыр. Былтыр күз бойы жабық тұрған көше тек жаңа жыл мерекесі қарсаңында ашылды. Ал осыдан үш апта бұрын көшенің екі жағынан тағы бетон бөгеттер орнатылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Сәуір айының соңында көше қайтадан жабылады деген хабар тарады. Сол күні жұмысшылар келіп, техникамен бетондар қойып кетті. Сонымен бар шаруа тоқтады. Міне, жиырма шақты күн өтті, еш іс атқарылған жоқ. Қалалық әкімдікке бардық. Нақты қашан аяқталады деп сұрасақ, жөнді жауап бермей шығарып салады. Естуімізше, көшеде жыл соңына дейін көлік қозғалысына шектеу қойылған. Бұлай жалғаса берсе, ертеңгі күніміз не болмақ?, - дейді кәсіпкер Андрей Воловик.
КІРІС КІРМЕСЕ, КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫ МӘЖБҮРЛІ ТҮРДЕ ЖАБЫЛАДЫ
Магомед Валиев есімді тұрғын бұл көшенің бойында тамақтану орнын ашқан. Көше жабылып, жолдың жағдайы нашарлағалы дәмханасы жұмысын тоқтатқан. Себебі ешкім келмейді. Салдарынан ай сайынғы түсетін табысы орта есеппен алғанда 70% дейін төмендеп кеткен. Ол жағдай жақын арада реттелмесе, дәмхана мәжбүрлі түрде жабылуы мүмкін екенін айтады.
«Былтыр күзде құрылысшылар бар жұмысты екі аптада аяқтаймыз деп сендірген еді. Бірақ, шаруа үш айға созылып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасты. Міне, көшені сәуірдің соңында тағы да жапты. Былтырғы жағдай қайталанып жатқанын көріп отырмыз. Үш аптадан асты, құрылысшылар әлі ештеңе тындырған жоқ. Ал біз шығынға батып жатырмыз. Өйткені тұрақты клиенттерімізден айрылдық. Азық-түлікке тапсырыс берсек, олар бізбен жұмыс істегісі келмейді. Өйткені тауар жеткізу мұңға айналды. Не істерімізді білмей дал болып отырмыз. Қиындыққа тап болдық. Ертең жабылып қалуымыз да ғажап емес», - дейді Магомед Валиев.
Уақытылы басталмаған құрылыстан шағын бизнес өкілдері зардап шегіп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Евней Бөкетов көшесінің бойында гүл дүкенін ашқан Алина Малярчук жұмысшыларының айлығын төлей алмай отыр.
«Былтырға дейін бизнесім жақсы жүріп тұрған еді. Қазір жоспарымның ешқайсы жүзеге аспай отыр. Өзім ғимаратты жалға алдым. Ай сайын оның ақшасын төлеуім керек. Жұмысшыларымның айлығы тағы бар. Отбасымды асырауым керек. Мына құрылыстан қиналып қалдық. Біз мемлекеттен өтемақы не болмаса көмек сұрап жатқанымыз жоқ. Бар болғаны мердігер компания шаруасын тезірек аяқтаса дейміз», - дейді флорист Алина Малярчук.
Кәсіпкерлер көтерген мәселені Halyq Uni тілшісі қалалық әкімдік қызметкерлерінен сұрап білді. Олар бұл екі жылдық жоба екенін айтып отыр. Құрылыс жұмысының дәл былай созылуына жобалаушылар тарапынан түрлі қателік кеткен.
«Былтыр мердігер былтыр бар жұмысты аяқтап, биыл көшеге асфальт төсеуі керек еді. Бірақ жоба дұрыс жасамаған. Мамандар құрылыс кезінде су және жылу желілерін ескермеген. Қазір ол қайта түзетілді. Сондықтан қалалық әкімдік тарапынан мердігер компаниямен жобалаушыларға бірнеше мәрте шағым хат жолданды. Әзір оларда уақыт бар. Сондықтан біз ешқандай шара қолдана алмаймыз», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
КӨШЕНІ УАҚЫТЫНДА ЖӨНДЕМЕГЕН ТАҒЫ БІР КОМПАНИЯНЫҢ ІСІ СОТҚА ЖЕТТІ
Облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев көшесінде де осы жағдай. Былтыр көшенің бір бөлігінде су құбырлары ауыстырылған болатын. Бірақ, жауапты мердігер сол күйі жолды жөндемей қойған.
Жолдың шұрық-тесік болып тұрғанына бір жыл өтті. Ортасы ойылып қалды. Көлікпен жүргенде алаңдап отырамыз. Қашан қалпына келтіретінін білмейміз, - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Николай Кубряков.
Былтыр тендрді «Ремстройсервис ПВ» компаниясы ұтып алған. Осыдан 3-4 күн бұрын олар жаяу жүргіншілер жүретін тротуар сала бастаған. Себебі қайта қалпына келтіру жұмыстарын уақытында аяқтамаған соң, жергілікті әкімдік оларды сотқа берген.
«Бұл компания былтыр асфальт төсеп үлгермеді. Биыл да белгіленген мерзімде олар шаруаларды аяқтамады. Сондықтан әкімдік сотқа арыз берді. Соттың шешімі бойынша олар мамыр айының соңына дейін бар жұмысты аяқтауға міндеттелді», - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшасы Әсем Айтолла.
Жалпы Петропавл қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы - 365 шақырым. Қала жолдарының басым бөлігі жөндеуді қажет етеді.