Ауылда кішкентай қызды зорлады деген күдікпен 49 жастағы тұрғын ұсталды
Соттың санкциясымен ол сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде 2 ай мерзімге қамауға алынды
Алматы облысында кішкентай қызды зорлады деген күдікпен 49 жастағы ер адам ұсталды.
1 қарашада Жамбыл ауданының полициясына Ақсеңгір ауылының 44 жастағы жергілікті тұрғыны арыз жазған. Оның айтуынша, қазан айында белгісіз ер адам қызын зорлаған.
Бұл факт аудандық полицияда Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігі («Кәмелетке толмаған балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 49 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Соттың санкциясымен ол сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде 2 ай мерзімге қамауға алынды, – деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Оның айтуынша, қазір қылмысты тергеуде толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін сараптамалық тексерулер тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.