Шахтадағы 46 кеншінің қазасы: Нұрсұлтан Назарбаев қоры 50 млн теңге аударды
Костенко шахтасындағы апат салдарынан 46 кенші қаза тапты
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Костенко шахтасындағы кеншілердің қазасын зор күйзеліспен қабылдады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаны зор күйзеліспен қабылдаған еліміздің тұңғыш президентінің тапсырмасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қоры қаза тапқан кеншілердің отбасына 50 млн теңге көлемінде қаржылай көмек бөлді, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Шахтадағы апаттан кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.