×

Балалар үйінде ересек ұлдар мен қыздар бірге тұрып жатыр – депутат

43 науқас бала 200 шаршы метрден сәл ғана асатын жерде тұрады

 Еркеғали Болатұлы 18.05.2022 | 15:50
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облыстық мәслихат отырысында кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Депутат Бақыт Жаншаева балалар үйінде тұрып жатқан 5-18 жас аралығындағы 43 науқас баланың жағдайына назар аударуды талап етті.

Оның айтуынша, балалардың тұрмыстық деңгейі өте нашар. Мысалы, бір бөлмеде ересек жеткіншек те, 5 жасар бала да тұрады. Бұл жағдайда зорлық-зомбылықтың болуына таңғалудың қажеті жоқ.

Ғимараттың жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асады. Бірақ 43 науқас бала 200 шаршы метрден сәл ғана асатын жерде тұрып жатыр. Бұл өте тар аумақ. Жасөспірім ұлдарды қыздармен бір бөлмеге орналастырған жағдайлар да кездесті. Неліктен оларға бөлек бөлме берілмейді? - деді Бақыт Жаншаева.

Ал облыстық полиция департаменті балалар үйіндегі жағдайдың бақылауда екенін жеткізді. Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандарға қатысты 36 қылмыс жасалғаны да айтылды.

«Қылмыстық оқиғаларға талдау жасау барысында балаларға қатысты зорлық-зомбылық өзінің биологиялық ата-анасы жоқ жерлерде көп кездесетінін анықтадық. Биыл ересек адамдардың балаларға сексуалдық зорлық-зомбылық жасауына қатысты 11 дерек тіркелді», - деді ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама