×

Енді мектептегі заңсыздықтарды QR-код арқылы хабарлауға мүмкіндік бар

БҒМ Балалар жылы аясында «Bala Qorgau» интернет-ресурсын іске қосты

 Динара Амантай 18.05.2022 | 15:29
Фото: видеодан скриншот

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Балалар жылы аясында Bala Qorgau интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде QR-коды және Bala Qorgau сайтының мекенжайы жазылған арнайы тақтайшалар орнатылып жатыр. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар «Bala Qorgau» сайтына өтіп, өз сұрақтарын қоя алады. Оқушылар мен ата-аналар да жасырын түрде көмек сұрап, білім беру ұйымдарындағы заңсыз әрекеттер туралы хабарлай алады. Өтініш берушілердің аноним болып қалатынына кепілдік беріледі.

Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының бірнеше мектебінде QR-тақтайшалар орнатылды. Алдағы уақытта олар басқа да білім беру ұйымдарында орнатылады.

Bala Qorgau сайты оқушылар әрдайым қажетті қолдау мен көмек сұрап, өздерін қауіпсіз сезінулері үшін жасалған. Әртүрлі жағдайларға тап болған балалар, көбінесе, өзін қалай ұстау және кімнен көмек сұрау керегін білмейді. Олар өздеріне немесе құрдастарына қатысты буллинг фактілерін кімге хабарлау керегін білмейді. Енді оқушылар QR-кодты сканерлеп, бізбен байланыса алады, сөйтіп оларға қажетті консультация, психологиялық көмек көрсетіледі, – делінген хабарламада.

Веб-сайт оқушыларды толғандыратын өзекті мәселелерді, сондай-ақ балалар құқықтарын бұзу фактілерін тез арада анықтауға көмектеседі. Бұл ресурс оқушылардың және олардың ата-аналарының құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.

Мектептегі заң бұзушылықтар орын алған жағдайда веб-сайтта өтініш қалдыру керек. Одан кейін кеңесшілер кері байланыс жасап, балалар мен ата-аналарды мазалайтын сұрақтарға жауап береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама