Көлік қозғалысына кедергі келтіргендері үшін 3 АЕК айыппұл арқалады
Нұр-Сұлтанда жарық пен судың жоқтығына қатысты наразылық білдірген Учхоз шағын ауданының тұрғындары Қарағанды тасжолына шығып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Ол туралы видео Telegram-дағы Abzhannews паблигіне жарияланды.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, «102» нөміріне «Искандер» тұрғын үй кешені тұрғындарының Нұр-Сұлтан – Қарағанды тасжолын жауып тастағаны туралы хабарлама түскен.
Кеше Армандастар көшесінің бойында жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сағат 15:00-де орталық электр сымына зақым келтірілгені анықталды. Осыған наразы аудан тұрғындары жол ортасына шығып, көлік қозғалысына кедергі келтірген. Кейін ақау жөнделіп, тұрғын үй кешеніне жарық берілді, - делінген ресми хабарламада.
Ал жолды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтіргендерге 3 АЕК (9 189 теңге) көлемінде айыппұл салынған.