×

Матчтарда жеңу үшін ақша ұсынған қазақстандық теннисші жазаланды

Ол теннистің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын бұзғаны үшін 60 мың доллар айыппұл төлеуге тиіс

 Еркеғали Болатұлы 03.11.2023 | 15:48
фото: Halyq Uni

Қазақстандық теннисші Тимур Хабибулин матчтардың нәтижелерін ұзақ жылдар бойы бұрмалап, әділетсіздікке жол бергені үшін енді ешқашан жарыстарға қатыса алмайды. Оған 28 миллион теңге айыппұл салынды.

Теннис адалдығы жөніндегі халықаралық агенттік осыған дейін ATP-де ең жоғары орында тұрған Тимур Хабибулинге қатысты шара қабылдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тыңдаулар бойынша тәуелсіз сарапшы Джени Сублиер қазақстандық теннисшіні кінәлі деп таныды. Ол 2014-2019 жылдар аралығындағы 21 ойында матчтардың жекелеген аспектілерін ойластырып, бәс тігулерге ықпал еткен, матчтарда жеңу үшін ақша ұсынған.

Бастапқыда ол өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып, тыңдаулар өткізуді талап еткен. Алайда көп ұзамай кінәсін мойындап, ең болмағанда жаттықтырушы болып жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады. Бірақ бұл өтініші қанағаттандырылмады.

Енді Тимур Хабибулинге теннис жарыстарына қатысуға, жаттықтыруға, тіпті ITIA мүшелері ұйымдастырған кез келген теннис іс-шараларына қатысуға тыйым салынады. Сондай-ақ ол теннистің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын бұзғаны үшін 60 мың доллар (28 миллион теңге) айыппұл төлеуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама