Әбілқасымова кредиттік амнистия жариялана ма деген сұраққа жауабын берді
2019 жылы біржолғы акция ретінде жарияланған амнистия қайталанбайды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда кредиттік амнистия жариялана ма деген сұраққа жауап берді.
Агенттік басшысының йтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда кредиттік рақымшылық жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатқан жоқ. 2019 жылы біржолғы акция ретінде жарияланған амнистия қайталанбайды.
Халықпен бірнеше рет кездесіп, қабылдадық. Бұл тек соңғы күндері ғана емес, адамдар бірнеше апта бойы келді. Мамай (Жанболат – ред.) тағы да жалған ақпарат таратты, - деді ведомство басшысы.
Мәдина Әбілқасымова биыл мамыр айында қазақстандықтардың берешегін азайтуға септігін тигізетін заң қабылданғанын еске салды. Оған сәйкес, 1 қазаннан бастап проблемалық қарызды сотқа дейін міндетті реттеудің жаңа тәртібі қолданылады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық қиындыққа тап болған азаматтың өтінішін қарастырып, оған түрлі жеңілдіктер ұсынуға міндетті, - деді Әбілқасымова.
Егер қаржы ұйымдары азаматтың қаржылық жағдайы нашарлағанын байқаса, олар кредит беру кезінде оның төлем қабілеттігін бағалап, несие пайызын төмендетуді және кейінге шегеруді ұсынуға тиіс. Сонымен қатар банк айыппұл мен өсімпұлды кешіре алады.
Ал, Әбілқасымова басқаратын агенттікке жолданған өтініштің бәрі тиісті банктерге жолданады, олар борышкерлердің өтінішін қарап, әрбірі бойынша жеке шешім қабылдайды.
Айтуынша, кредиттік амнистия мәселесі тек мемлекеттік қаржы, салық төлеушілердің ақшасы есебінен шешіледі.
Банктерде жеке тұлғалардың 12 триллион теңге депозиті бар. Олар соған қызмет көрсетіп, үстіне пайыз төлейді. Қандай да бір кредитті кешірген жағдайда банктердің қаржы тұрақтылығы, әрине, бұзылады, - деді агенттік басшысы.
Еске салайық, 9 желтоқсанда «Қазақстанда несие рақымшылығы жүргізіледі» деген ақпаратқа сеніп қалған бір топ адам Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимаратының алдына жиналды.