×

Маңғыстаулық дәрігерлер министрдің көңілінен шықпады

Өңірде онкологиялық аурулар ерте сатысында анықталмайды

 Дәурен Ерболат 03.11.2023 | 09:25
Ажар Ғиният. Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сапар аясында ведомство басшысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан ғимараттарды қоса алғанда, облыс орталығындағы және ауылдардағы медициналық объектілердің жұмысымен танысты.

Ажар Ғиният Маңғыстау ауданы Қосбұлақ ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияда болып, жаңа ғимаратта оңалту, физиотерапия кабинеттерін ашу, ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие басқа да қызметтер көрсету керектігін айтты.

Министр Маңғыстау аудандық орталық ауруханасына барғанда дәрігерлер мен мейіргерлердің алдында диспансерлік науқастарды сапалы бақылау, ауруларды уақтылы анықтау мәселесін көтерді. Ол медициналық мамандарға үнемі білім алып, біліктілікті арттыруға кеңес берді.

Созылмалы, инфекциялық емес және әлеуметтік аурулар бойынша статистика зерделенген. Ажар Ғиният бұл мәселеге назар аударып, онкологиялық аурулардың ерте анықталмайтынына көңілі толмайтынын айтты. Сондай-ақ ол қалдық препараттардың үлкен көлемі қалатынын, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің дұрыс жоспарланбайтынына байланысты ескерту жасады.

Келесі мәселе республикалық тасжол маңындағы көлік апатынан жарақат алғандар мен қанайналым жүйесі ауруларының өсуі дерегіне қатысты болды. Осыған байланысты министр аудандық аурухананың базасында инсульт орталығын ашу, травматолог-хирургтар тартылуға тиіс травматологиялық пункттің жұмысын қамтамасыз ету туралы айтты.

Өңірде министр халықпен кездесіп, олардың барлық сұрағына жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама