Алматыда 1 500 оқушыға арналған мектептің құрылысы басталды
Білім ордасы Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесі қиылысында салынып жатыр
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Алмалы ауданындағы Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесі қиылысында салынып жатқан мектепке барды. Бұл мектеп 1500 орынға лайықталған. Оны Алматы әкімдігі жобалық кеңсесінің қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Bazis Construction» ЖШС мердігерлік ұйымы салып жатыр.
Құрылыс 2023 жылдың маусымында басталды және қазірге дейін бірқатар жұмыс аяқталды. Мектепті 2024 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба бойынша 326 орынды зал, 4 спорт залы, бастауыш сынып оқушыларына арналған 2 шағын спорт зал қарастырылған. Бастауыш сынып оқушылары үшін кіретін есік бөлек болады. Қала басшысы тұрақ аймағы мен айналма жолдарды салу үшін қосымша жерлерді сатып алу мәселелерімен шұғыл түрде айналысуды тапсырды.
Алмалы ауданындағы оқушы орындарының тапшылығы жағдайы салыстырмалы түрде жақсы: оқушылардың жалпы контингенті 37 мың оқушыға шаққанда орын тапшылығы 1 мыңнан сәл асады. Қазір ауданда 42 білім беру ұйымы бар, оның ішінде 29 мектеп мемлекеттік және 13-і жекеменшік.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын Қазақстан Үкіметі 2022 жылы президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін қабылдаған. Жобаның басты мақсаты – апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жою.
Бұған дейін 2025 жылға қарай Алматыда 37 100 орындық 22 жаңа мектеп пайда болатыны хабарланды. Әкімдіктің жобалық кеңсесінің ақпараты бойынша, жаңа форматтағы мектептердің басым бөлігі Алатау және Наурызбай аудандарында салынады – 5 оқу орны. Бостандық ауданында – 4 мектеп, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2 мектеп, ал қалған аудандарда бір мектептен салу жоспарланған. Мектептер олардың тапшылығы байқалатын жерлерде салынып жатыр.
Жайлы мектептерде барлық білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалады, оның ішінде есіктерді автоматты түрде бұғаттаумен кіру және шығуды бақылау жүйесін, Face ID және QR-кодтарды енгізу жоспарланған. Оқу орнының әкімшілігі нақты уақыт режимінде бүкіл ғимарат пен мектеп аумағындағы жағдайды қадағалап отыру үшін міндетті түрде бейнебақылау жүргізіледі. Ауыр рюкзактар мәселесін шешу үшін мектептерде оқулықтарды сақтауға арналған бөлек шкафтар орнатылады. Сондай-ақ, жобаларда лифттер, электронды кітапханалар және хоккей корты қарастырылады. Әр қабатта демалу үшін коворкинг-аймақтар және ауыз су бұрқақтары орнатылады.