Алматыда 40 жыл бұрын салынған сорғы станциясындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Бұл сорғы станциясы 553-тен астам абоненттерді сумен қамтамасыз етіп отыр
Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданына жұмыс сапары барысында Төле би – Әуезов – Әйтеке би – Айтиев көшелерінің аумағындағы сорғы станциясын жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
40 жыл бұрын салынған сорғы станциясы 553-тен астам абоненттерді сумен қамтамасыз етеді. Тұрғындар судың көп ажыратылатынына жиі шағымданды: 4 сорғының біреуі ғана жұмыс істейді. Биыл нысанда 15 апат тіркелді.
Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, сорғы станциясында жөндеу жұмыстары 1997 жылдан бері жүргізілмеген. 2018 жылы нысан иесіз деп танылып, энергетика және сумен жабдықтау басқармасының балансына берілді. Қанағаттанғысыз жағдайы салдарынан сорғы станциясы қызмет көрсету үшін «Алматы Су» МКК-ға берілмеді.
Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша биыл сорғы станциясында жөндеу жұмыстары басталды. Қазір ескі жабдық пен шатырды бөлшектеу аяқталды, шатыр мен іргетасты гидрооқшаулау жүргізілді, сыртқы оқшаулау және қасбеттің қаптамасы жасалды. Аудан әкімі қалпына келтіру жұмыстары барысында сумен жабдықтау тұрақты болғанын атап өтті.
Қала басшысы осы ауданда үздіксіз су беру үшін нысанды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Біз нысанды модернизациялау аяқталғанша күтеміз және оны қалалық жүйенің бір бөлігі ретінде қала балансына аламыз, - деді Ерболат Досаев.
Қазір нысанда жабдықтарды монтаждау және энергиямен жабдықтау, абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Реконструкциялауды биыл 15 желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Магистральды және тарату желілерін жүргізіп, кәріз және сорғы станциясын жөндеу бойынша ұқсас жұмыстар «Панорама» тұрғын үй кешеніне де жүргізіледі. Оларды биыл желтоқсанның ортасына дейін аяқтау жоспарланған.
Аралау барысында Алмалы ауданының тұрғындары қала басшысына жаяу жүргіншілер өткелі туралы өтінішпен жүгінді. Ерболат Досаев аудан әкіміне келесі жылы жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін реттелетін өткел орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ Нұрмақов – Қарасай батыр көшелерінің қиылысында шлагбаум орнату, ғимараттардың қасбетін жөндеу және көлік ағындарын реттеу мәселелері қозғалды. Олардың барлығы бейінді ведомстволардың бақылауына алынды.