Ерболат Досаев Әуезов ауданындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданын аралау барысында 7 шағын аудандағы аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, тұрғындармен өзекті мәселелер бойынша сөйлесті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
7 және 12 шағын аудандарда 35 аула орналасқан, оның 24-і биыл жөнделді, деп хабарлады Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.
Модернизациялау аясында аулаларда баскетбол, футбол алаңдары салынды, жарық тұрақты әрі сапалы, енді іргелес аумақ абаттандырылуда. Жұмысты «Сенім ҚұрылысСервис» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізіп жатыр. Тұрғындардың өтініші бойынша тұрақ аймақтары қосымша кеңейтіліп, бюджет қаражатының үнемделуі есебінен көгалдандыру жүргізіліп жатыр.
Әуезов ауданы – Алматыдағы ең тығыз қоныстанғандардың бірі, оның тұрғын үй қоры 1 700 көппәтерлі үйден асады, аумағында 966 аула орналасқан. Бұл қаланың басқа аудандарына қарағанда көп.
Алматы әкімі Ерболат Досаев барлық аулалардың жағдайын талдап, үй маңындағы аумақтарды жөндеу бағдарламасын жалғастыруды тапсырды. Қала басшысы вандализмді болдырмау үшін барлық аулаларды бейнебақылаумен жабдықтау қажеттігін атап өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталатын жаңа 24 алаңда жақын арада камералар пайда болады, деп хабарлады аудан әкімі Абзал Егембердиев.
Сондай-ақ, аралау барысында Ерболат Досаев су басу, көгалдандыру және жаңа демалыс аймағы тақырыбында 7 және 12 шағын аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізді. Қала басшысы қазір күзгі екпе жалғасып жатқанын – биылғы көгалдандыру аяқталмағанын, су басу проблемалары жоспарлы түрде шешіліп жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру ұлғайтылады: Қаланың 6 ауданына 2 млрд теңгеден және Алатау және Наурызбай аудандары үшін 2,5 млрд теңгеден бөлу жоспарланған. Қосымша қаражат халықтың ең өзекті және сұранысқа ие жобаларын іске асыруға бағытталады.