Асық ату, қазақша туит, әскери радар: Макронның Қазақстанға сапары қалай өтті

Ая Өміртай

Француз басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ground Master 400 әуе қорғанысы жүйелерін алмақ

Фото: Ақорда

Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға келді. Макронды астана әуежайында Премьер-Министр Әлихан Смайылов, ал Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Ресми сапар барысында Франция басшысы мемлекет басшысымен асық атып, қазақстандық студенттермен кездесті. Макронның Қазақстанға сапары туралы Halyq Uni тілшісі шолуында баяндалады. 

Екі ел басшылары делегация мүшелерін бір-бірімен таныстырды. Құрмет қарауыл ротасының басшысы екі ел басшыларына құттықтау рапортын беріп, Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

МАКРОННЫҢ ҚАЗАҚША ТУИТІ

Ақордада Тоқаев пен Макрон Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға және сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Шетелдік мейман Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалады. Тоқаев Франция Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі және сенімді серіктесі, сондай-ақ ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті. 

Сонымен қатар, екі ел басшылары стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Қол қойылған құжаттардың қатарында Қазақстанда Францияның даму агенттігінің тобын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісім және Қазақстанда халықаралық (француз) мектептерін құру және Қазақстанның орта білім беру ұйымдарында француз тілін оқыту туралы үкіметаралық келісім бар.

Макрон Астанаға ресми сапарынан соң Twitter парақшасында қазақша жазды.

Ірі державалар үстемдікке қайта ұмтылған, ал кейбірінен болжауға болмайтын әрекет күткен әлемде жаңа перспективаларды ортақ етуге және бірге құруға болатын серіктестер мен достарға сене алу өте бағалы. Қазақстан мен Франция солардың қатарына кіреді, - деп жазды Франция президенті. 

СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Тоқаев француз кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізіп жатқан уақытта  Макрон Нәрікбаев атындағы университет студенттерімен кездесті. Кездесуде Франция басшысы Қазақстанның саясаты туралы айтты.

Қазір біз бейбітшілікті, ынтымақтастықты, халықаралық құқықты қалай сақтай аламыз? Бұл бүгінгі таңда бар мәселелер екені даусыз. Егер іргеңізде құбылмалы көрші болса, еліңіздегі экономикалық тұрақтылықты қалай сақтай аласыз? Біз Отанымыздың тыныштығын қалай сақтай аламыз? Осындай кездерде тұрақтылығымызды, құндылықтарымызды сақтауымыз керек. Меніңше, Қазақстан Президенті осындай жұмыстарды атқарып жатыр, - деді Макрон.

ТОҚАЕВ ПЕН МАКРОН АСЫҚ АТТЫ

Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапарына орай халқымыздың бай мәдени мұрасымен таныстыратын арнайы «Этноауыл» көрмесі ұйымдастырылды. Мемлекеттер басшылары бастаған делегацияны көрме алаңында Жас көрермендер театрының әртістері мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі ән шашумен қарсы алды.

Франциядан келген жоғары мәртебелі меймандар жеміс-жидекпен безендірілген «Көк базарды», қолөнер бұйымдарын және қазақ суретшілерінің картиналарын, сондай-ақ отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесін тамашалады. 

Этноауыл аумағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға балуандарымыз қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін, жас жеткіншектер асық ойынын, ал саятшылар мен құсбегілер тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, халқымыздың аңшылық дәстүрі туралы әңгімелеп берді.

Экскурсия соңында екі ел басшылары асық атып ойнады. Ойын алдында Тоқаев Макронға асықты қалай көздеу керектігін түсіндіріп өтті. Макронның сақасы мүлт кеткеніне қарағанда ол асықты қолына бірінші рет ұстаған тәрізді.

Асық ату спорт түрінен мемлекеттік жаттықтырушы Жомарт Ұзақұлы асық ойындарының өте қауіпсіз екенін айтады. 

Асық ойыны – өте қауіпсіз ойын. Қандай да бір жарақат алудан сақтайды әрі орта мектептер бағдарламасына да кірген. Мемлекет басшыларының асық атып жатқан сәтін тамашаладым. Қасым-Жомарт Кемелұлы асық ата алады, бала кезінен асық ойнап өскен. Оны өзі де айтқан болатын. Содан да болар ұлттық спорт түрлеріне қолдауы ерекше. 2024 жылдан бастап еліміздің барлық аймағында Асық ату федерациясы жұмыс істейтін болады. Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясының жұмысын жандандыруды ойластырып отырмыз. Башқұрттар мен татарларда, қырғыздарда, әзербайжан мен түріктерде, мажарларда да асық ату ойыны бар екен. Келесі жылы өтетін 5-ші Көшпенділер ойынында алғаш рет асық атудан әлем чемпионаты өтетін болады, - деген ол асық ату спортына заман талабына сай өзгерістер қажет екендігін атады. 

Заман талабына сай асық ату ережелеріне өзгеріс керек. Даулы сәттер болмас үшін, дәлелдеу үшін камера орнатылуға тиіс. Одан бөлек асық ататын арнайы кілемшелердің болғаны дұрыс, - дейді Жомарт Ұзақұлы. 

ӘСКЕРИ РАДАР

France24.com басылымы Франция басшысының Қазақстанға сапары барысында минералдар мен энергетикадан бастап, фармацевтика мен аэроғарыш өнеркәсібіне дейінгі салаларда бірқатар келісімшарттарға қол қойғанын жазды

Француздық энергетикалық алпауыт EDF Қазақстанда бірінші атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба биылғы жылы референдумда шешілуі тиіс. Елисей сарайы сонымен қатар Париж елдің «егемендігін» нығайту үшін Қазақстанға Ground Master 400 әуе қорғанысы радиолокациялық жүйелерін жеткізетінін хабарлады, - деп жазды france24.com. 

Басылым Францияның Қазақстандағы бесінші ірі шетелдік инвестор екендігін атады. 

Негізінен энергетикалық алпауыт TotalEnergies компаниясының Қашаған теңіз кенішіндегі ауқымды жобасына қатысуына байланысты Қытайдан озып кетті, - делінген мақалада.