×

Астанада алаяқ бірден 8 көлік алғысы келген тұрғынға сан соқтырып кетті

Күдікті бұрын сотталған болып шықты

 Динара Амантай 02.11.2023 | 15:01
фото: Halyq Uni

Астанада 8 көлік алғысы келген тұрғын алаяққа алданып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Алматы ауданының жедел қызметкерлері автокөлікке қатысты машықтанған 2 алаяқты анықтаған. Полицияға қала тұрғыны хабарласып, шетелдік көлікті заңдастыруға уәде берген алаяқтың құрбаны болғанын жеткізген. Оған оның көлікті көрші мемлекеттің тіркеуінен шығара алмағаны себеп болған. Жәбірленуші алаяққа көрсететін қызметіне 500 мың теңге аударып жіберген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Әзербайжанның алаяқтықпен айналысқан, бұрын сотты болған 35 жастағы азаматын анықтаған.

Тағы бір жағдайда полицейлер Астананың аса ірі көлемде алаяқтық жасаған, бұрын сотталған 37 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 32 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.

Тергеу барысында алаяқтың автопарк иесіне Toyota маркалы 8 автокөлікті сатып алуға автонесие рәсімдеуге уәде бергені белгілі болған. Оған сенген Астана тұрғыны бастапқы жарнаны төлеу үшін қомақты соманы беріп үлгерген.

Қазір ұсталғандар кінәсін мойындады. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тергеу жүргізіліп, қалада осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы да анықталып жатыр, – делінген полиция хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама