Халықтың табиғи қозғалысы есебінен өсудің ең жоғары қарқыны 3 жылы өңірде артып отыр
Биыл қарашада Қазақстан халқының саны 20 млн-ға жетеді, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Бюро мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны – 19 млн 967 мың 964 адам. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 млн 387 мың 957, ауыл тұрғындары – 7 млн 580 мың 007 адам. Жыл басынан бергі халық өсімі – 1,02% немесе 201,1 мың адам.
Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана (4,06%) мен Алматы (2,28%) қалаларында және Маңғыстау облысында (1,94%) тіркелді.
Халық өсімінің биылғы қарқынын ескерсек, 20 млн адам көрсеткіші 2023 жылғы қарашада болады деген болжам бар, - деп жазылған хабарламада.
Халықтың табиғи өсімі есебінен, яғни туу және қайтыс болу деректерін ескергенде, халық саны 194 мың 753 адамға, ал көші-қон өсімі есебінен 6 мың 404 адамға көбейді.
Халықтың табиғи қозғалысы есебінен өсудің ең жоғары қарқыны Түркістан облысында (34 мың 97 адам) байқалды. Шымкент қаласында 19 242 адамға, Алматы облысында 18 251 адамға артты.