Пәтер жалдап жүрген 2 млн адамның баспанаға ақша жинайтын шамасы жоқ – Бейсенбаев
Депутат елімізде іске асып жатқан мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмағанын айтты
Қазір Қазақстанда 2 млн адам пәтер жалдап жүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмаған.
Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл шамамен 2 млн отбасы мүшелері пәтер жалдап жүр деген сөз. Оның ішінде, үштен бірінің қаржы жинау мүмкіндігі мүлдем жоқ, яғни тапқан табысы тамағынан артылмайды. Жылына 9 мыңға жетер-жетпес қана әлеуметтік бағыттағы үй салынады. Ал бір жылда кезекке 50 мың адам тұрады. Бұл қандай саясат, бұл нендей менеджмент? Үй болмай, күй болмас! - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Елнұр Бейсенбаев бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмей жатқанын да атап өтті.
«Мысалы, мектеп мәселесін алайық. Бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы игерілген. Бұл – үлкен проблема. Сондай-ақ жыр болған мемлекеттік сатып алудың тағы бір олқы тұсы бар. Бюджеттен ақша бөлеміз, ал қажет жұмыстар басталмайды, нысан салынбайды. Бірін-бірі сотқа сүйреген компаниялардың жеке мүддесі мен ренішінен әлеуметтік нысандар тоқтап қалуда. Бұл іс кемінде үш-төрт ай қарастырылады. Соңында, жоба құны қымбаттайды, нысан уақытылы салынбайды. Көбінде шағым дәйексіз болады», - деді депутат.