Облыс бойынша кәсіпкерлікпен айналысқан 23 мектеп директоры әкімшілік жауапқа тартылды
17 мамырдағы жағдай бойынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жемқорлыққа қатысты (ӘҚБтК-нің 154, 680-баптары бойынша) 28 әкімшілік хаттама толтырды. Нәтижесінде 28 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды.
Антикордың әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты.
Мәселен, ӘҚБтК-нің 154-бабына сәйкес «кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған адамның осындай қызметпен айналысуына» байланысты Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның кірістері тәркіленіп, 200 АЕК көлемінде (612 600 теңге) айыппұл салынды.
«Дәл осы баппен облыс бойынша 23 мектеп директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір білім беру мекемесі басшыларының бәріне 200 АЕК яғни, 612 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Алматы облысында 4 мекеме басшысы ӘҚБтК-нің 680-бабына сәйкес «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауына» байланысты әрқайсысына 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынды» - деді департамент өкілі Асқар Садықов.