Макрон қазақ мектептерінде француз тілінің қайта оқытылуын қалайды
Мәдени байланыс нығаюы керек
Франция үшін қазақ мектептерінде француз тілін оқыту өте маңызды. Бұл туралы Франция президенті Эмманюэль Макрон айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мен мәдени байланыстың нығайғанын қалаймын. Біз қарым-қатынасымызды осы қырынан дамытқымыз келеді... Мысалы, бізге қазақ мектептеріне француз тілін оқытудың қайта оралуы өте маңызды. Жағдайды өзгерту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біздің білім беру ұйымдары арасында қол қойылған үкіметаралық келісімге көп үміт ортамыз, - деді ол Ақордада өткен кездесуде.
Сондай-ақ Эмманюэль Макрон жоғары білім саласында да байланысты нығайту керектегін атап өтті.
«2024 жылғы қыркүйектен бастап Француз-қазақ университеті жұмысын бастайды. Студенттік байланыстың да дамуы, біздің студенттерге арналған стипендияның болуы өте маңызды. Сондай-ақ сіздің Парижде Қазақстанның мәдени мұрасына арналған көрме өткізу туралы бастамаңызды қолдаймыз. Гиме музейінің төрағасы менімен бірге келді. Келесі жылы біз көрмені өткізу жағын талқылап жатырмыз», - деді ол.
Франция президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты саммитке шақырды.
Бізде One Planet Summit өткізу сынды өте қызық бастама бар. Осы саммиттің аясында сізді келесі жылы Париж бейбітшілік форумына серіктес болуға шақырамыз, - деді Эмманюэль Макрон.
Бұған дейін президент қазақ-француз байланысына тың серпін беру керектігін мәлімдеген болатын.