Қос тарап халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелерді де талқылады
Қазақстан мен Франция президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды.
Біз үшін бүгін – үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол Франция Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті.
Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланысқа жоғары баға берді
Ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Астанаға келіп, сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз, - деді Франция президенті.
Сондай-ақ ол кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылатынын жеткізді.
«Біз экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қоямыз. Сізбен жүздесіп, ортақ күн тәртібін талқылау мүмкіндігі туғаны үшін қуаныштымын, – деді Эмманюэль Макрон.
Сонымен қатар Қазақстан мен Франция президенттері халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.