Сот әкім тарапынан бірқатар бұзушылықтарды анықтады
ШҚО-да аудан әкімінің заңсыз шығарған қаулысының күші жойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, облыстың екі тұрғыны аудандардың бірінің жер комиссиясына және әкіміне комиссияның шешімін және оның негізінде шығарылған әкімінің қаулыларын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.
Талаптардың негіздемесінде талап қоюшылар комиссия құрамының заңдылығын бұзғанын (комиссия мүшелерінің бірі мен жеңімпаз арасында туыстық байланыстардың болуы); тұтастай алғанда шешім қабылдау кезінде әділеттілік ашықтық және жариялылық қағидаты қамтамасыз етілмегенін атап өтті, – делінген сот хабарламасында.
Сот конкурстық комиссия отырысының аудио, бейнежазбасының жоқтығы себебімен комиссияның бұл жағдайда шешім қабылдауының заңдылығын тексерудің мүмкін еместігіне байланысты рәсімді өрескел бұзу ретінде бағалады. Сондай-ақ комиссия мүшесі мен жеңімпаз арасындағы туыстық байланыс дәлелдермен расталды. Бұған қоса, сот әкім тарапынан басқа да рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарды анықтады.
Сот шешімімен әкімнің қаулылары мен жер учаскелерін жалға беру шарттарының күші жойылды, – делінген хабарламада.
Шешім апелляциялық тәртіппен қайта қаралғаннан кейін заңды күшіне енді.