Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесі жаңартылды
Бүгіннен бастап Қазақстанда қаржы, әлеумет, көлік саласындағы бірқатар нормативтік құжаттар күшіне енеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Елімізде мерзімсіз депозиттің шекті мөлшерлемесі төмендейді. Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қараша айында мерзімсіз депозиттерге сыйақының шекті мөлшерлемелері бойынша ұсыным берді. Қаржы-несие ұйымдарына қараша айында теңгемен мерзімсіз депозиттер бойынша мөлшерлемелерді 16-дан 15,5%-ға дейін төмендету ұсынылады (толықтырумен және толықтырусыз). Ұлттық валютадағы депозиттердің барлық басқа түрлері үшін ең жоғары пайыздық мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады.
Қазақстандықтар үшін тағы бір жаңалық – 10 қарашадан бастап Қытайға визасыз режим күшіне енеді. Тиісті келісімге екі елдің үкіметі Сианда қол қойған болатын. Бұл келісімге сәйкес, екі елдің азаматтары жеке істер, туризм, емдеу, халықаралық тасымалдар, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру мақсатында визалық талаптардан босатылады.
Бұл ретте азаматтардың екі мемлекеттің аумағында болу мерзімі мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап 30 күнтізбелік күннен, ал 180 күнтізбелік күн ішінде жиынтық 90 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Егер азаматтарға 30 күннен артық болу қажет болған жағдайда тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала ресімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызметке рұқсат бермейді.
Сонымен қатар көлік саласында да бірқатар жаңалық күтіп тұр. Мәселен, автомектептер бекітілген формаға сәйкес, өз қызметін бастағаны және аяқтағаны туралы Ішкі істер министрлігін хабардар етуге тиіс.
Сондай-ақ осы айдан бастап әуежайлардағы VIP-залдарында қызмет көрсетілетін адамдардың тізбесі кеңейтілді. Енді бұл тізімге ҚР Сот әкімшілігінің басшысы және оның орынбасарлары қосылды. Сонымен қатар, Конституциялық Соттың судьялары, сот алқаларының төрағалары және Жоғарғы Соттың судьялары (бұрын қадағалау сот алқаларының төрағалары туралы болған), Парламент палаталары, Конституциялық сот аппараттарының басшылары кіретіні нақтыланды.
Жұмыспен қамту саласында бірқатар өзгеріс бар. Соның бірі – мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысты. Жаңа редакцияда арнайы жұмыс орындарына орналастырылған адамдар туралы мәліметтер нысаны баяндалған. Атап айтқанда, оны толтыру бойынша түсініктеме қосылды. Нысанды жұмыс берушілер қазақ және орыс тілдерінде толтырып, мансап орталықтарына ұсынады. Оған бірінші басшы немесе оның міндетін атқарушы тұлға оның тегі мен аты-жөнін көрсете отырып қол қояды. Нысанда жұмыс берушінің атауы, БСН, қызмет көрсету банкі, әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамның аты-жөні, оның жалақысының мөлшері, жұмыс істеген күндерінің саны, есептелген жалақының сомасы, бюджеттен өтеуге жататын сома көрсетіледі.
Бұған қоса, Еңбек министрлігі ата-анасыз қалған түлектерге, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға жұмыс орындарын квоталау ережелерін жаңартты.
Квота ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына, сондай-ақ ЖК ұйым қызметкерлерінің тізімдік санынан пайыздық мәнде белгіленеді және жыл сайын қайта қаралып отырады. Жұмыс берушілер белгіленген квотаға сәйкес квота енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде жұмыс орындарын ұсынады.
Квота мөлшері өңірлік еңбек нарықтарындағы қалыптасқан ахуалды, ағымдағы жылғы түлектер санын және оларға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қажеттілігін ескере отырып белгіленеді. Егер елді мекендерде биылғы түлектері болмаған жағдайда, осы елді мекендердің аумағындағы ұйымдарда квота белгіленбейді.
Квотаны орындау жұмыс берушінің ағымдағы жылғы түлектерді бос немесе белгіленген квота шеңберінде берілген жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруы. Ол мәліметтерді жұмыс берушілер мансап орталықтарына беретін кемінде үш ай мерзімге еңбек шартын жасасып расталады.
Жер теліміне кезекте тұрған қазақстандықтар үшін маңызды жаңалық. Елімізде жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесі жаңартылды. ЖТҚ арналған жер учаскелері сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда беріледі. Егер орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаса, жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған жағдайда ғана жол беріледі.
Жер учаскелерін сұраған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады және бөлінуге арналған алаңдарды дайындау шамасына қарай не ЖТҚ үшін бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады.
Әкімдіктер кезекте тұрғандардың тізімін электрондық форматта жүргізеді. Кезекте тұрған азаматтардың базасы Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен (МККН) және Жеке тұлғалар базасымен интеграцияланған. Қайтыс болған, тұрақты тұруға кеткен мәртебесі бар азаматтар автоматты түрде кезектен шығарылады.
Сондай-ақ ЖТҚ үшін жер учаскелерін алған немесе ұсынылған жер учаскесінен бас тартқан азаматтар кезекте тұрғандар да тізімінен шығарылады.
Айта кетейік, 5 қарашада Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. ОСК мәліметінше, сайлау науқаны 17 өңірді қамтиды. 45 әкімнің лауазымына 249 үміткер қатысып жатыр.