Министр қаза тапқан кеншілердің толық тізімі қашан жарияланатынын айтты
Шахтадағы апаттан зардап шеккен 27 кенші ауруханада ем алып жатыр
Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Констенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің тізімі қашан жарияланатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір шахтадағы апаттан қаза тапқан 40 кеншінің жеке басы анықталған, қалған 6 кеншінің кім екенін анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатыр.
Қазір қаза тапқан 6 кеншінің кім екенін анықтап жатырмыз. ДНҚ сараптамасын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін (қаза тапқан кеншілердің тізімі туралы) айтуға болады. Бұл жұмыс 3-4 күнді талап етеді, - деді министр.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова марқұм болған кеншілердің қанша жалақы алып келгенін айтты.
Біз (қаза тапқан кеншілердің) жалақысын «Отбасының цифрлық» картасынан қарадық. Олардың еңбекақысы 300 мың теңгеден 1 млн 600 мың теңгеге дейін болған. Оның ішінде жастар да бар. Жұмысқа енді тұрғандары бар. Сондықтан кеншілердің жалақысында үлкен алшақтық бар, - деді ол.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың дерегінше, шахтадағы апаттан зардап шеккен 27 кенші ауруханада ем алып жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Шахтадағы апаттан кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.