Оған белгісіз біреу мекемені өртеуі үшін 6 миллион теңге ұсынған
Қазақстан азаматы Аңсаған Молдахметов былтыр мамыр айында Омбыдағы әскери комиссариатты өртегені үшін кінәлі деп танылған болатын. Ресей сотының шешімімен 13 жылға сотталған оның есімі жақында «экстремистер мен террористердің» жаңартылған тізімінде пайда болды.
Сот анықтағандай, белгісіз біреу Аңсаған Молдахметовке Telegram мессенджері арқылы хабарласып, әскери комиссариатты өртеуі үшін 6 миллион теңге ұсынған. Кейін Молдахметов «өрт қою арқылы бір топ адам жасаған лаңкестік әрекет» бойынша кінәлі деп танылды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Аңсаған Молдахметов осы іс бойынша тағы бір айыпталушы, іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Сейіл Мұратұлымен бірге 2022 жылдың 13 мамырында таңертең Омбы әскери комиссариатын өртеп жіберген. Ол үшін екеуі «Молотов коктейльдерін» пайдаланған.
Өрттен кейін Сейіл Мұратұлы мен Аңсаған Молдахметов Ресейден кетіп қалған. Алайда Молдахметов қайта оралуға шешім қабылдап, нәтижесінде ФСБ мен РФ Ішкі істер министрлігі оны шекарада ұстаған. ФСБ хабарлағандай, Қазақстан азаматтары сол әрекеттері үшін ешқандай сыйақы алмаған.