Апаттан зардап шеккен 27 кенші ауруханада жатыр
Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің қарызы туралы ақпарат жиналды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, Костенко шахтасында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
Медициналық мекемелерде зардап шеккен 27 жағдайы бақылауда. Бір адамның жағдайы ауыр, 24-інің жағдайы орташа ауыр, екеуінің жағдайы қанағаттанарлық. Барлық пациент қажет медициналық көмек алып жатыр, - деді облыс әкімі.
Қарағанды облысының әкімі шахтадағы апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасына көмек берілетінін айтты.
Қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына мемлекеттік органдардың басшылары мен депутаттар бекітілді. Олар жерлеу рәсіміндеріне қатысып, тиісті төлемдерді бақылайды және тұрмыстық проблемаларын шешеді. Жерлеу және еске алу кештерін өткізуге, көлікпен қамтамасыз етуге қажет көмек көрсетіліп жатыр.
Сондай-ақ басқа өңірлерден, жақын және алыс шетелдерден туыстары мен жақындарының келуі және жеткізілуі бойынша жәрдем берілуде, - деді облыс басшысы.
Өңір басшысы шахтадағы апаттан қаза тапқан кеншілердің (марқұмдардың отбасы) әлеуметтік портреті жасалғанын жеткізді.
«Көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар анықталды. Қаза тапқандардың ипотекалық және басқа да несиелері мен олардың тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат жиналды.
Қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан қандай материалдық көмек көрсетілетіні түсіндіріліп жатыр.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ жерлеу шығындарын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемелерін орындауда.
Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалады, оларды облыс әкімдігі бақылауда ұстайды. Зардап шеккендерге және олардың отбасына қажет көмек дереу көрсетіледі», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шахтадағы апаттан 46 кенші қаза тапты. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп (46 адам қаза тапты) болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.