Halyq Uni логотип
×

Арал теңізі проблемаларын зерттеген ғалым дүниеден озды

Саналы ғұмырын ғылымға арнаған Тамара Омарова дүниеден озды

 Халық үні 31.10.2023 | 10:49
Арал теңізі проблемаларын зерттеген ғалым дүниеден озды
фото: facebook.com/BibigulZheksenbay

Белгілі ғалым, Арал теңізі проблемаларын ұзақ уақыт зерттеген Тамара Омарова қайтыс болды. Бұл туралы марқұмның келіні – Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай хабарлады. 

Тамара Әмірқызы Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетінде оқып, химия ғылымының негізін қалаған профессор Ерден Әзірбаевтың басшылығымен Қазақстандағы химия ғылымдары институтында жұмыс істеді.

«Синтез, дипропаргиламиндердің кейбір түрленуі және өнім өсуін реттейтін белсенділігі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Жұмыстың мақсаты – ацетилен және оның қосындыларының ауыл шаруашылығы өндірісіне пайдалану мүмкіндігін ашу. Қарапайым тілмен айтқанда, түрлі жеміс-жидектің ерте пісуіне жол ашатын қоспа түрлерін әзірлеу.

1984 жылы Тамара Әмірқызы Ғылым академиясының жаңадан құрылған география институтына ауысады (еліміздің қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жіті зерттей бастайды). Зерттеу нысандарының бірі – Арал теңізіндегі проблемалар. Дания, Қытай, Жапония ғалымдарымен халықаралық байланыс орнатылып, озық тәжірибелерді пайдалану бойынша жобаларға қатысады. 

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін елде ғылыммен айналысатын мемлекеттік орган құру мәселесі күн тәртібіне шыққан. Осылайша елімізде Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі пайда болды. Ведомство аппараты құрамына алғашқылардың бірі болып Тамара Әмірқызы кірген.

Тамара Әмірқызы – мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист Ілияс Омаровтың келіні. Жазушының шаңырағына жиі қонақ болған Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтпаев сияқты қазақтың ұлы тұлғаларының батасын алған.

Тамара Әмірқызы зейнетке шыққан соң да ағартушылықпен айналысқан. Балет өнерін жақсы көрген ғалым Алматы қаласындағы Селезнев атындағы классикалық би мектебінің оқушыларына химиядан сабақ берген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама