×

Лудомандар есепке тұрудан қорқады: Ресми статистикада 10 мың адам бар

Ал психикалық денсаулық орталықтары кадрмен 87% ғана қамтылған

 Ербол Тұрымбет 31.10.2023 | 10:04
Коллаж: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда ресми статистика бойынша «құмар ойындарға патологиялық құнығу» диагнозымен 10 мың адам динамикалық байқауда тұр. Дегенмен ресми деректі нақты көрініс деп қабылдай алмаймыз. Себебі көрсеткіштің мұнша төмен болуы қоғамдағы мұндай адамдарға қатысты жоғары стигмаға байланысты. Оған қоса, олар үшін есепке тұрудан қорқыныш бар.

Елімізде лудоманияға шалдыққан науқастарға медициналық-әлеуметтік емі, соның ішінде оңалту емі стационарлық деңгейде де, амбулаториялық деңгейде де көрсетіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде 20 өңірде психикалық денсаулық орталығы, қалалық амбулаториялық-емханалық ұйымдардың деңгейінде 77 бастапқы психикалық денсаулық орталығы, аудандық деңгейде 205 психикалық денсаулық кабинеті осы мәселемен айналысады.

Сонымен бірге, республикалық деңгейде медициналық-әлеуметтік оңалтумен айналысатын Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар филиалының «Асар» әлеуметтік оңалту бөлімшесі бар. Бұл бөлімшедегі емдеудің ерекшелігі, емделушіні тұрақты жұмыспен қамтып, психотерапевт пен психологтар жұмыс істейді. Психотерапиялық практикалар адамды дамытуға және пациенттерді әлеуметке сіңуге, еңбек, білім беру және рухани дамыту арқылы қоғамға қайтаруға бағытталған, - делінген ресми жауапта.

Алайда министрлікте жекеменшік орталықтар жайында ақпарат жоқ.

Емдеу тәсілдеріне келсек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мұндай диагнозы бар науқастар тегін емделеді.

Құмар ойындарға патологиялық құмарлықты диагностикалау мен емдеу «Құмар ойындарға патологиялық құнығу» (2023 жылғы 13 қазанда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссиясы бекіткен) клиникалық хаттамасына және халыққа психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына (Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығымен бекітілген) сәйкес жүргізіледі.

Лудомания патологиясы психика, мінез-құлық бұзылған ауруға жатады, осыған байланысты диагностикалау, емдеу және оңалту емін дәрігер психиатр жүргізеді. Алайда елімізде психикалық денсаулық орталықтары кадрлармен 87% ғана қамтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама