Президент олимпиадасы: 199 оқушы сыннан сүрінбей өтті
Жеңімпаздар 24 қарашада анықталады
Елімізде жаратылыстану-математика пәндері бойынша Президент олимпиадасының екінші (іріктеу) кезеңі аяқталды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Бірінші (аймақтық) кезеңде жоғары нәтижеге қол жеткізген 446 оқушы қатысты. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша олимпиаданың үшінші (республикалық) кезеңіне 199 оқушы іріктеліп алынды.
Республикалық кезең биыл 21-24 қарашада Қарағанды қаласында академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өтеді, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, олимпиадаға бұрын республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатыспаған 11 (12) сынып оқушылары қатысады. Олар 4 пән (математика, физика, химия және биология) бойынша тапсырмалар орындайды.
Үздік оқушылар университетте тегін оқуға мүмкіндік алады.
Бұған дейін Президент олимпиадасына 400-ден аса оқушының қатысып жатқаны хабарланған еді.