Екі қалада терроризмді насихаттаған күдіктілер ұсталды
Олардан діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді
Алматы мен Түркістанда терроризмді насихаттады деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қаласының полиция департаменті ҰҚКД-мен бірге терроризм идеяларын насихаттады деген күдіктіні ұстады. Ұсталған адам – Қазақстан Республикасында тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» діни-экстремистік ұйымының өкілі.
Сонымен қатар Түркістанда облыстық ПД қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен терроризм идеяларын насихаттады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам – Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы идеологиясын ұстанушы. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту кезінде діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігі («Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу уақытында ұсталғандарға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – делінген хабарламада.