Екібастұздық есепші жүргізуші куәлігін алғысы келгендерден 8 млн теңге жинаған
Ол 48 адамды алдаған
Екібастұздағы автомектептердің бірінде есепші болып жұмыс істеген 33 жастағы тұрғын анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Ол жүргізуші куәлігін алып беремін деп қазақстандықтардан 8 млн теңгеден аса ақша жинаған. Жәбірленушілердің қатарында Павлодар облысының тұрғындармен қатар, Ақмола облысының азаматтары да бар.
Полицияға арызданға ер адамның айтуынша, 2022 жылғы қазаннан биыл маусымның ортасына дейін әйел Екібастұз қаласындағы автомектептердің бірінде есепші болып жұмыс істеп жүргенін, мемлекеттік мекемелерде танысы барын айтып, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алып беруді уәде еткен.
Автомектептің оқушылары 150 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейінгі (жүргізуші санатына байланысты) ақшаны оның жұбайының шотына аударып отырған. Уәде орындалмағасын жәбірленушілер полициядан көмек сұраған.
Бүгінде алаяққа алданған 48 адам анықталды. Тұрғындарға 8 млн теңгеден аса шығын келген.
Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйелге міндетті түрде (полицияға) келу бұлтартпау шарасы таңдалды, – деп жазылған Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.