Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтар – жас ұлт: 2021 жылғы халық санағының ақырғы қорытындысы жарияланды

2009 жылғы санақтан бері Қазақстан халқы 20% өсті

 Халық үні 30.10.2023 | 11:24
Қазақстандықтар – жас ұлт: 2021 жылғы халық санағының ақырғы қорытындысы жарияланды
фото: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының ақырғы қорытындысын жариялай бастады.

Статистика агенттігі соңғы жүргізілген халық санағын 2009 жылғы санақ деректерімен салыстыра отырып берді. 2009 жылғы санақтан бері Қазақстан халқы 20% өскен. Тиісінше, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады.

Үш өңірде халық саны 2 млн адамнан асты – Алматы (2 146 576) мен Түркістан облысы (2 054 021) және Алматы қаласы (2 030 285).

Санақ арасындағы кезеңде халықтың ең көп өсуі Астана қаласында – 2 есе (613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін), Шымкент қаласында 1,5 есе (730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін) және Маңғыстау облысында (485 мыңнан 735 мың адамға дейін) байқалды.

ӘЛЕМДЕГІ УРБАНИЗАЦИЯ ТРЕНДІ ҚАЗАҚСТАНДА ДА БАЙҚАЛАДЫ

Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайыздық тармаққа өсті: 56,1%-дан 61,2% дейін. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8% дейін азайды.

Қала халқының саны 2,7 млн-нан астам адамға көбейді. Өткен 12 жыл ішінде қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды.

Ең урбанизацияланған аймақ – Қарағанды облысы, онда халықтың 80% қала тұрғыны (1 млн-нан астам адам).

Республикалық маңызы бар қалалар бойынша, санақ кезінде Астанада 1,23 млн адам тұрды, елорда халқы 12 жылда 2 есе өсті. Алматыда халық саны 2,03 млн адамды құрады, мегаполис тұрғындарының саны 580,6 мың адамға артты. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға өсті.

Айта кетейік, екі санақ аралығындағы кезеңде аталған қалалардың әрқайсысында қосымша бір-бір ауданнан құрылды.

Халқы 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14 бірлікке дейін өсті.

ГЕНДЕРЛІК ҚҰРЫЛЫМ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ

Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлерден басым. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Пайызбен айтсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдердікі – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер саны 1,5 млн артты, Қазақстанда 1000 әйелге 946 ерден келеді.

Демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп, содан кейін ғана олардың саны арақатынасқа салғанда азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Бұл ретте ерлер мен әйелдердің арақатынасы тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында көп, онда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

Алдыңғы санаққа қарағанда 15-19 жас және 20-24 жас аралығындағы әйелдер мен ерлердің саны азайғанына назар аударуға болады. Бұл 2009 жылғы халық санағы кезінде 20-24 жас аралығындағы топта туудың ең жоғары кезеңінде – 1980 жылдардың екінші жартысында туылған ұрпақтың болуымен байланысты.

Ал 2021 жылы бұл жас тобын 1990-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында дүниеге келген туу көрсеткіші төмен болған ұрпақ алмастырды. Сол сияқты 15-19 жас санаты бойынша 2002-2006 жылы туылған ұрпақ 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы ұрпаққа қарағанда аз.

2009 жылғы санақпен салыстырғанда 55-59, 60-64 және 65-69 жастағы ер адамдар саны сәйкесінше 50,2%, 117% және 69,5% айтарлықтай өсті. Осы жастағы әйелдер саны да 2009-ға қарағанда сәйкесінше 38%, 105,9% және 58,3% өскен. Аталған жас тобындағы халықтың өсуі орташа өмір сүру ұзақтығының артуымен, өмір сүру жағдайларының жақсаруымен байланысты.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР – ЖАС ҰЛТ

Қазақстандықтардың орташа жасы салыстырмалы түрде жас болып келеді. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда орташа жас 31-ден 32 жасқа дейін өсті.

Санақ аралығындағы кезеңде 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өсті. Егер олардың үлесі 2009 жылы сол кездегі халықтың жалпы санының 24,1% (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бойынша олардың үлесі 29,4% (5,6 млн адам) болды.

65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі де өсті. 2009-бен салыстырғанда 2021 жылы олардың үлесі 7,1%-дан 8,2% дейін өсті (1,6 млн адам).

Сонымен қатар, санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 101 жастан асқан 200-ден астам қарт адам тұрған.

Айта кетейік, өңірлер арасында балалар саны бойынша Түркістан облысы, 90 жастан асқан қариялар саны бойынша ШҚО көш бастап тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама