5-курс студенті көзі көрмейтін науқастарды ұрып-соғып, балаларды қорлаған
Астанада оңалту орталығының пациенттерін қорлады және ұрды деп айыпталған студентке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
22 жастағы студент ауыр жағдайда жатқан науқастар мен балаларды мазақ етіп, әрекетін видеоға түсірген.
Ол қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы сот залынан қамауға алынды.
Ж. қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ж.-ға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертілсін, дереу қамауға алынсын, – деді судья Бағлан Ыдырысов.
ҚОРҒАУ ТАРАПЫ НЕ ДЕДІ?
Сотта айыпталушының адвокаты студенттің жасаған іс-әрекетін мойындағанын және өкінетінін жеткізді.
«Сол себепті қылмыстық іс бойынша шешім қабылдайтын кезде эмоцияға берілмеуді сұраймын. Дәлел ретінде ұсынылған кей видеоның сотталушыға қатысы жоқ. Ол істемеген әрекеті үшін жазаға тартылмауы үшін істі тек тағылған айып бойынша қарауды сұраймын. (...) Іс бойынша бас бостандығынан айырудан басқа жаза түрін тағайындауды сұраймын. Себебі қаралып жатқан бап бойынша бас бостандығынан айырудан бөлек бас бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған. Ол әрекетіне өкінеді, бір жәбірленушімен татуласты. Басқа жәбірленушілермен татуласу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Әзірге ортақ бір шешімге келген жоқпыз. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейді қазақ. Сол себепті ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын», - деді сотталушының адвокаты.
Адвокат жазадан босатуды сұрап отырмағанын, оның тарапынан екі рет әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, сотталушы бірден қамауға алынатынын айтты.
Ол сот процесінің ашық өтіп жатқанын, сотталушының ұяттан өзіне қол салмақ болғанын айтты.
Менің іс-әрекетімді ақтау мүмкін емес. Жәбірленуші тараптан кешірім сұраймын. Менің әрекетім моральді-психологиялық залал келтірді. (...) Басқа қызметкерлерге қарап, олардың мақсатына жетіп жатқанын көрдім. Содан кейін қате жолға түсіп кеттім, - деді сотталушы Ж.К.
МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ 4 ЖЫЛ 8 АЙҒА СОТТАУДЫ СҰРАДЫ
Прокурор Қарлығаш Ерғалиева қылмыстық іс бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы іс бойынша кәмелетке толмаған балалар мен дәрменсіз жағдайдағы адамдардың мүддесі қозғалғанын алға тартты. Сондай-ақ бұл жағдайдың қоғамда резонанс тудырғанын айтты.
Соттан сотталушы Ж.К.-ны қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2 тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраймын, - деді прокурор.
Сондай-ақ жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуді тағайындауды сұрады.