Қазақстанда 14,5 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді
Қазір елімізде ШЖК пайдаланатын 1 мың 529 жұмыс беруші бар
Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 мың 534 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:
- басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 515 рұқсат (бірінші санат);
- құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 мың 717 рұқсат (екінші санат).
Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар – 6 мың 332 және 680 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 мың 897 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 мың 393 адам тартылды.
Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 мың 529 жұмыс беруші бар. Оларда 471,7 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96,9%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер:
- құрылыс саласында – 4 мың 887 адам (34,5%);
- ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 мың 637 адам (11,5%);
- тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 1 мың 360 адам (9,6%);
- өңдеу өнеркәсібінде – 1 мың 219 адам (8,3%);
- кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 896 адам (6,3%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:
- Қытай – 3 мың 944 адам (27,8%);
- Өзбекстан – 1 мың 714 адам (12,1%);
- Үндістан – 1 мың 326 адам (9,3%);
- Түркия – 1 мың 288 адам (9,1%).
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Биыл жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 мың 260 мөлшерінде белгіленді.