Атырау, БҚО әкімдіктерінің мәліметінше, жеке тұлғаларға ет сатуға рұқсат жоқ
Атырау облысының сауда сөрелерінде киік еті пайда болды. Ал облыс әкімдігі жеткізушілердің оны сатуға құжаты жоқ екенін алға тартып отыр.
Апта басында ақбөкен етінің келісі 1500 теңгеден болғанмен, сұраныстың көптігінен баға 1700 теңгеге дейін көтерілген. Жергілікті тұрғындар, тіпті, ет павильондарына өнім қашан келетінін бірінші болып білу үшін жедел мессенджерлерде чат құрып алған.
Батыс Қазақстан облысынан ет әкелеміз. Бұл – өлі мал емес. Суреті, видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр. Атып түсірген соң бірден соямыз. Сосын етті бір күн тоңазытып қоямыз, содан кейін Атырауға әкелеміз, - депті саудагерлердің бірі Orda.kz тілшісіне.
Ақбөкен етінің базарға қайдан келетіні белгісіз. Өйткені қалалық ветеринарлық станция оның облыс бойынша еш жерде сатылмайтынын айтып отыр. Орда.kz тілшісі осы сұрақпен жеткізушілерге хабарласқанда, олар қолдарында барлық рұқсат бар екеніне сендірген, бірақ онысын көрсетуден бас тартқан.
Дегенмен «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, жеке тұлғалар ет сатпайды. Кәсіпорын ресми түрде Атырау, Жаңғала, Жалпақтала және Круглоозерный қалаларының 4 ет комбинатымен келісімшарт жасасқан. Сондай-ақ Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдігі жеткізушілердің немесе сатушылардың ақбөкен етін сатуға рұқсаты жоқ екенін түсіндірді. Өйткені жергілікті атқарушы органдар ешкімге ондай құжат бермеген.