Көкпар ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін

Халық үні

Көкпарды Азия ойындарының бағдарламасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр

фото: Halyq Uni

Алматыда 28 қазанда 12 елдің ұлттық федерациялары басшыларының қатысуымен Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс-шараға Ауғанстан, Венгрия, Грузия, Қытай, Моңғолия, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Түркия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан федерациялары басшылары қатысты. Сондай-ақ халықаралық Ат спорты түрлері қауымдастығының президенттері, этноспорт ғалымдары, жетекші жаттықтырушылар қатысты.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Билал Ердоғанның айтуынша, ұйым барлық ұлттық және халықаралық федерация мен қауымдастық қызметіне, өткізілетін фестиваль, турнирлерге ерекше көңіл бөледі.

«Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының осы форумының делегаттары мен қатысушыларымен кездескеніме қуаныштымын. Сіздердің рухани құндылықтарды сақтау, ат спорты мен ұлттық ойындарын дамыту және насихаттау жолында еңбек етіп жүргендеріңізді білемін. Этноспорттың ұлттық және дәстүрлі түрлерін дамыту және насихаттау көпшілікке ерекше қуаныш сыйлайды, денсаулықты нығайтады және жастарды шынықтырады», - деді Билал Ердоған.

Ол сондай-ақ қыркүйекте қауымдастықтың Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына қосылу туралы өтініші қабылданғанын хабарлады.

«2023 жылдың 26 қыркүйегінде директорлар кеңесі көкпар қауымдастығының өтінімін қанағаттандыру туралы шешім қабылдады және қазір Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының мүшесі. Қауымдастықтың барлық мүшесін осы айтулы оқиғамен құттықтаймын. Қауымдастық басшылығы мен барлық мүшесі осы форумда қабылданатын шешімдерді іске асыру үшін барлық күш-жігері мен мүмкіндіктерін жұмсайтынына сенімдіміз», - деп толықтырды Билал Ердоған.

Көкпар бойынша халықаралық фестивальдер, чемпионаттар жыл сайын өткізіледі. Сондай-ақ, Ресейде Татарстан, Башқұртстан, Алтай Республикасында бұл ойынның ауқымы кеңейіп келеді. Сонымен қатар ойындар Пәкістан, Венгрия, Түркия, Ауғанстанда өтеді.

Іс-шара барысында тараптар халықаралық аренада көкпар ойынын одан әрі дамыту және танымал ету, сондай-ақ спортшылар арасында жарақат алу қаупін азайту және жылқыға қатігездік көрсету фактілеріне жол бермеу мәселелерін талқылады.

«Келесі жылы Қазақстанда 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді, қазір біздің арамызда Қазақстанның беделді спорт қайраткерлері бар. Жақында біз ҚХР-дағы Азия ойындарының куәсі болдық. Бірнеше жылдан бері көкпарды бағдарламаға енгізу туралы айтып жүрміз. Талабына сәйкес қандай да бір ойынды Азиада құрамына қосуға мүмкіндік беретін ерекше шарттар бар. Мұнда да негізгі шарттардың бірі - жылқылар мен спортшылардың жарақат алу қаупі. Көкпар - батыл және мықты шабандоздардың спорты. Бірақ біз жарақат алу қаупін барынша азайту жөніндегі ең шұғыл шаралар туралы ойлауымыз керек», - деп атап өтті Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин.

Конференция барысында көкпар басқа Ат спорты ойындарымен қатар кең тараған елдерді көбейту бойынша шаралар ұсынылды.

Делегаттар қауымдастық жарғысының жаңа редакциясының ережелерін қарап, қауымдастық кеңесін сайлады. Сондай-ақ, «үздік шабандоз», «үздік жаттықтырушы» құрмет төсбелгісін бекітті .

Конференция қорытындысы бойынша қатысушыларға «Алматы декларациясы» деп аталатын шешім жобасы жолданды. Құжат көкпарды дамыту және танымал ету, барлық спорт федерациялары мен қауымдастықтарымен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жақсарту, сондай-ақ Ат спорты ойындарын ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізу бойынша бірқатар шараны қарастырады.