Костенко шахтасындағы апат: 35 кеншінің мәйіті табылды
11 кеншіні іздеу жұмыстары жүріп жатыр
29 қазанда таңғы 9:00-дегі ақпарат бойынша Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілер саны 35 адамға жетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 11 кеншіні іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Костенко атындағы шахтасында қаза тапқан 35 кеншінің мәйіті табылды. Оның 29-ы жер бетіне шығарылды. 11 кеншіні іздеу жалғасып жатыр, - делінген ақпаратта.
Авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 10 тау-кен құтқару бөлімшесі жұмылдырылған.
Газ жағдайын бақылау жалғасып жатыр.
28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған.
Шахтаға келе салысымен менің жетекшілігіммен жедел штаб құрылды. Оның құрамына жауапты тұлғалар мен әріптестер кірді. Оқиға орнында 40 құтқарушы, 10 техника, марқұмдар мен зардап шеккендердің туыстарына көмек көрсетіп жатқан 3 психолог жұмыс істеп жатыр. (8-7172) 49-72-70, (8-7212) 51-72-23 жедел желі телефондары жұмыс істеп тұр, - деп жазды облыс әкімі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Сонымен қатар, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Артынша мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орнына барды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.