Әкімдік өкілі үйлердің қазіргі жағдайына тұрғындардың өзін кінәлады
Редакциямызға тараздық тұрғындар хабарласып, қаланың қақ ортасындағы көпқабатты қос үйдің құлағалы тұрғанын айтты. Halyq Uni тілшісі оқиғаның мән-жайы білу үшін айтылған мекенжайға барды. Тұрғындардың шағымын естіп, көтерген мәселесін өз көзімен көріп қайтты.
Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан үйдің тұрғындары қауіп пен үміттің ортасында өмір сүріп жатқанын, әбден тозығы жеткен үйдің кез келген сәтте опырылып құлайтынын айтып дабыл қақты.
Төле би даңғылы бойындағы бес қабатты №8-ші және №4-ші үйлердің қабырғалары сыр берген, дәлізін нәжіс су басқан. Үйдің ішін қандала мен құрт қаптаған. 260 пәтері бар үйлердің жөндеу көрмегеніне 20 жыл болған.
«Бұл жерде мұғалімдер, полицейлер, әкімшілікте істейтіндер тұрмайды. Кіл қарапайым, көпбалалы, жағдайы жоқтар тұрады. Көп баласы бар отбасыларға обал, үй апатты жағдайда тұр. Қабырғасындағы кірпіштер үгітіліп жатыр. Тіпті, бетон бөлшектері де құлайын деп тұр. Қарсы бетте - 10-15 метр жерде «Арбат» саябағы, адамдар көп келетін демалыс орын тұр. Қаланың қақ ортасында тұрып жетімнің күйін кешіп отырмыз», - деп налыды Тараз қаласының тұрғыны Райхан Әлімжанқызы.
Бұл үй бұрын жатақхана болған, кейін жекешелендіріліп, әр пәтердің өз иесі пайда болған. Басым бөлігі бір бөлмелі пәтерлерден тұрады. Кей тұрғындар көршісінің пәтерін сатып алып, 2 бөлмелі етіп жасап алған.
Көпқабатты үйдің апаттық жағдайда тұрғаны аздай, оған құбыр жүйесінің жарылғаны қосылып, үйдің дәлізін әбден иістенген су басқан. Сасық суға қандала мен бүрге үймелеп, үреймен өмір сүріп жатқан тұрғындардың жағдайын одан сайын қиындатқан.
Әжетхана әбден ластанған, су ақпайды. Нәжістің иісінен тарақан, қандала, тышқан пайда болды. Есік-терезені ашсаң, майда шыбын үймелейді. Өзім үйдің бірінші қабатында тұрамын, бір жыл бұрын канализация жарылып, судың бәрі үйіме кірді. Қонақ шақыруға ұяласың. Кішкентай балам қайта-қайта ауырады, - дейді Тараз қаласының тұрғыны Айнұр Арқабаева.
Тұрғындардың проблемасын жергілікті әкімдік те біледі екен. Әкімдік өкілі қос үйдің қазіргі жағдайына тұрғындардың өзін кінәлады.
Ал жылғалап ағып, жылыстап жайылып жатқан нәжіс суы жетпей-ақ баспананың бірінші қабаты опырылып, бүлініп кеткен. Сыртқы сәулетінің сиқы кеткенінен әкімдер де хабардар. Жергілікті билік жөндеп береміз деп отыр. Талай жылдан бері шаруасы шешілмегені әкімдікті де шаршатыпты. Ақыры ақша бөлдіруге қол жеткіздік деп өздері де қуанып отыр.
«Екі үйге шамамен 63 млн теңгеден – 130 млн теңгедей бөлініп жатыр. Бұл қаражат былтыр қаралған жоқ, биыл ғана бөлінді. Бұл үйлердің осындай жағдайға жеткеніне тұрғындардың өзі кінәлі. Үйде жалпыға ортақ бір әжетхана ғана бар, әрқайсы бір кіреді. Ішімдік ішетіндер көп, қоқыс тастайтындар көп. Үйді өздері күтіп ұстамайды, - деді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Ғани Әлімбаев.
Конкурстық құжаттар түгенделіп, мердігер анықталған соң күнделі жөндеу жұмыстары басталады. Әкімдіктегілер құрылыстың шамамен шілде соңында басталатынын айтып отыр. Құрылысқа бөлінетін қаражат – қайтарымсыз, тұрғындардан ақша сұрамайды.