Бес мыңнан аса сарбаздың 1,4 млрд теңге қарызы бар
Несиесі бар сарбаздар банк алдындағы қарызын әскери борышын өтеген соң төлейді
Қазақстанда әскерде борышын өтеп жүрген бес мыңнан аса сарбаздың банк алдындағы қарызы шамамен 1,4 млрд теңге. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қорғаныс министрлігінің өкілі сарбаздардың көбінің мойнында қомақты кредит барып айтты.
«Былтыр Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келісімге қол қойды. Келісім аясында қазақстандықтар әскери борышын өтегенде кредит төлеу мерзімі шегеріледі. Агенттік екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарымен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде бүгінде әскери борышын өтеп жатқан 5 мыңнан аса сарбаздың 1,4 млрд теңге кредитін төлеу мерзімі кейінге шегерілді», - деді Руслан Жангулин.
Сондай-ақ, бүгінде әскерге шақырылған сарбаздардан мойнында несиесі бар-жоғы сұралады екен. Несиесі болса, оны кейін төлеуге мүмкіндік беріледі.
Оларға жеңілдік беріліп отыр. Сарбаздар әртүрлі мақсатқа тұтынушылық кредит алған: техника, ұялы телефон, гаджеттерді алу үшін несие рәсімдеген, - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы.