Жүк вагондарынан тұрмыстық техника ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Жекеменшік компанияларға 9 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Көлік полицейлері жүк вагондарынан тұрмыстық техника ұрлаған бір топ адамды ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Алматы-1 станциясындағы желілік ПБ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысының екі тұрғынын ұстаған.
Күдіктілердің алдын ала сөз байласу арқылы Жетіген станциясында ҚХР – Алматы бағыты бойынша қатынайтын жүк вагондарынан бірнеше рет тұрмыстық техника (аквариумға арналған жабдық – 43 дана, 14 кондиционер, 114 су жылытқыш, 63 электр плита) ұрлағандары анықталды, – деп мәлімдеді көліктегі полиция департаметінің бастығы Бақытжан Малыбаев.
Қасақана жасалған қылмыстық әрекеттердің салдарынан жекеменшік компанияларға 9 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Көлік полицейлерінің жедел әрі үйлесімді жүргізген іс-шараларының арқасында жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелген.
Ведомство басшысының айтуынша, қазір аталған фактіге қатысты Алматы-1 станциясындағы ЖПБ қызметкерлерімен Қылмыстык кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында мүлкi тәркiленіп, 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.