Турнир биыл екінші мәрте ұйымдастырылды
Республика күніне орай Elorda Aqparat медиасеріктестігінің ұйымдастыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды.
Турнирге жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қойшығара Салғараұлы бастаған елімізге белгілі ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, журналистер, медиа мамандары, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.
Тартысты өткен бәсекеде I, II, III орындардан бөлек, биыл республика бойынша мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақтың қабырғалы қаламгерлері Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлықтар табысталды.
Туррирде ойын ережесіне сәйкес, үздік шеберлік танытқан төмендегіше ойыншылар марапатталды.
Турнирде белгілі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров І орын иемденді. Оған 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Белгілі журналист, ақын Талғат Ешенұлы финалға шығып, ІІ орын еншіледі. Жүлдегерге 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Ұйымдастырушылардың шешіміне сәйкес, жартылай финалда жеңілген жазушы, журналист Сәдібек Түгел мен ардагер спорт журналист Несіп Жүнісбай ІІІ орын иемденді.
Аталған жарыс барысында жүлделі орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақтың қабырғалы қаламгерлері Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы жүлде көлемі 100 мың теңгелік арнаулы сыйлықтар табысталды.
Кемел Тоқаев атындағы арнаулы жүлде қазақ әдебиетінің ақсақалы, жазушы Қойшығара Салғараұлына, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлына және Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлық белгілі қаламгер, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіпке берілді.
Турнир ұйымдастырушылары арнаулы жүлделерден бөлек, үздік ойын көрсеткен қатысушылар үшін қосымша төрт номинация тікті.
Қазылардың шешімімен «Алыстан ат терлетіп келген ойыншы» аталымын Алматы қаласынан арнайы келіп турнирге қатысқан қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай, «Мәдениетті ойыншы» номинациясын белгілі жазушы Шархан Қазығұл, «Алғашқы шар» номинациясын күйші Секен Тұрысбек иеленді.
Сонымен қатар, «Мерген ойыншы» деген ардагер журналист Кенже Жұмағұл, «Шебер ойыншы» ретінде журналист Әлімжан Сабыржанұлы лайық деп танылды. «Үздік дуплет» аталымымен журналист Жандос Дүйсекеев марапатталды. Марапат иелеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде табысталды.
Айта кетейік тартысты өткен турнирде билярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Чимбаев бас төреші болды.